Француз туристері мен туроператорлары Қазақстанды жаңа бағыт ретінде ашқысы келеді

2019 жылғы 2 қазанда Парижде Еуропадағы ең ірі кәсіби көрмелердің бірі – «IFTM TOP RESA» халықаралық туристік жәрмеңкесінің ресми ашылуы өтті. «Porte de Versailles» көрме орталығында 200-ден астам мемлекет пен аймақтардың стендтері ұсынылды.

Көрме аясында Қазақстанның Франциядағы Елшісі Жан Ғалиев Францияның Еуропа және сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысыЖан-Батист Лемуанмен, Францияның «Lesentreprises du voyage» туристік агенттіктеркәсіподағының президенті Жан-Пьер Маспен және «TOP RESA» көрмесінің бас директоры Фредерик Лоранменкездесулер өткізді.

Қазақстан Елшісі еліміздің туристік әлеуетін дамытуды қамтитын экономикалық дипломатияның қазіргі басымдықтары туралы әңгімеледі. Сондай-ақ, ол француз компанияларын белсенді инвестициялық ынтымақтастыққа шақырды. Өз кезегінде,Франция үкіметінде туризмге жауаптыЖ.-Б. ЛемуанҰлыЖібек жолы бойындағы туристік бағытта Қазақстанның маңызды рөлін және туристік көрмелерге қатысудың маңыздылығын атап өтті.

Франциядағы туристік агенттіктер кәсіподағы жетекшісінің айтуынша, «TOP RESA» бұл француз серіктестерімен жаңа келісімдерге қол жеткізе отырып, қарым-қатынас жасау үшін тамаша платформа. Халықаралық алаңдарда Қазақстанның туристік әлеуетін жан-жақты таныстыру елімізге туристік ағынның артуына оң әсер етеді.

Туризм бойынша сарапшы Эмманюэль Гийомның айтуынша, осы сала мамандарының жылдан жылға біздің елімізге деген қызығушылығы артуда. Париж – Нұр-Сұлтан рейсінің болуы және Франция азаматтары үшін визасыз тәртіптің енгізілуі қазақстандық бағытты таңдаудағы маңызды фактор болып табылады. Бүгінгі таңда Қазақстан туристік бағыт ретінде 10 ірі француздық туроператордың туристік пакеттеріне енгізілген.

«TOP RESA» көрмесі ү.ж. 4 қазанға дейін жалғасады.

Қосылған : 2.10.2019, 22:45, Өзгертілген : 2.10.2019, 22:45