Размер шрифта
Цвета сайта

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Астанаға ресми сапармен келген Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрі Ван Имен келіссөздер өткізді.

«Біздің кездесуіміз Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының жоғары деңгейін растайды. Биыл екіжақты дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылғанына 25 жыл толды. Осы уақыт ішінде елдеріміз арасындағы ынтымақтастық ұдайы өсу және нығаю жолымен дамып келеді. Бұл, көбінесе, біздің мемлекет басшыларымыздың тұрақты байланыстары арқысында мүмкін болды», – деді Қ. Әбдірахманов кездесуде.

Келіссөздер барысында тараптар саяси және сауда-экономикалық салалардағы, оның ішінде трансшекаралық су ресурстарын пайдалану, сондай-ақ консулдық мәселелер бойынша іс-қимыл жасау саласындағы ынтымақтастық мәселелерін қарады. Өзекті мәселелердің бүкіл спектрі бойынша диалогті стратегиялық әріптестік рухында дамыту маңыздылығы атап көрсетілді.

Сондай-ақ министрлер Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ағымдағы жылғы 14-15 мамырда Бейжіңде өтетін «Бір белдеу, бір жол» атты халықаралық форумға жоспарланып отырған қатысуына, сондай-ақ ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің 7-9 маусымда Астанаға ресми сапарына дайындық мәселелерін талқылады. Екі мемлекет басшысының қатысуымен

8-9 маусымда Астанада өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының Саммиті де ірі халықаралық оқиғаға айналады.

ҚХР СІМ басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы егжей-тегжейлі стратегиялық әріптестік жаңа сипатта дамитынына сенім білдірді. Ван Идің пікірінше, ынтымақтастықты күшейтуде екі ел лидерлері арасындағы жеке достық, жиі байланыстар мен өзара сенім ерекше рөлге ие. «Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан халқы қарышты өсу мен тұрақты даму жолына көшті, ел маңызды реформаларды іске асыра заманауи қадамдар жасауда», - деді қытайлық министр.

Келіссөздердің қорытындылары бойынша тараптар Қазақстан мен Қытай сыртқы істер министрліктері арасындағы 2017-2019 жылдарға арналған ынтымақтастық туралы меморандумға – алдағы үшжылдық кезеңге сыртқы істер министрліктері арасындағы екіжақты өзара іс-қимыл жасаудың «жол картасына» айналатын құжатқа қол қойды.

Министрлер Қазақстан-Қытай екіжақты ынтымақтастығының өзекті мәселелері мен халықаралық істер бойынша, оның ішінде Қазақстан Республикасының БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшелігі шеңберінде тұрақты кездесулер мен консультациялар өткізіп тұруға уағдаласты.

Тараптар Азиядағы сенім шараларын нығайту маңыздылығын атап өтті және Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес шеңберінде ынтымақтастықты дамытуға уағдаласты. «Бүгін ұйымға қатысушылар арасындағы ынтымақтастық пен сенімді нығайтуға ықпал ететін көпжақты дипломатияның тиімді құралы ретінде АӨСШК-ге қатысты оң көзқарас қалыптасты», – деп құжатта айтылған.